тарих

 

                                     

«КАЗРИС» негізгі  мектебінің тарихы

 

«Казрис» мектебінің тарихы сонау 1932-34 жылдардан бастау алады. Осы өлкеге судың мол болу себебімен күріш өндірісін жолға қою үшін Қиыр Шығыстан кәрістер әкеліп орналастырған болатын. Кәрістермен бірге қазақтар, аздап  өзбектер мен орыстар – күріш-бидай еге бастаған. Осылайша қоныстанушылардың көптігі өңірде мектеп қажеттігін туғызып, 1934 жылы аралас орыс-қазақ мектебі ашылды. Жаңа ашылған 7 жылдық мектеп колхоздың атымен «Казрис» мектебі деп аталды. Оған себеп алғашқы рет күріштің  «қазақ салы» деген сорты болған, орысша «казахский рис», қысқаша «Казрис». Білім нәрін себу ісімен алғашқы болып Мұсабаев Ақберген, Мұсабаев Жағыпар, Аубакиров Айтбай, Есдәулетов Кемеш, Мұсабаев Әміртай айналыса бастады. Мектептің алғашқы директоры Таңқыбаев деген кісі болды. 

Педагогика ғылымының  докторы Тотай Тұрлығұлов 1937-1944 жылдары осы 7 жылдық мектепті бітіріп шықты. 5-сыныпқа арналған тарих оқулығына, табиғаттану, дүниетану оқулықтарына авторлық еткен академик аймаққа жаңа леп әкелген жаңа білім ордасынан ұшырылған алғашқы қарлығаштардың бірі еді.

        Одан кейін мектеп директоры Бақбергенов Дайрабай болды. Бұл кісіден кейін соғыстан екі аяғынан айрылып келіп, Әубакиров Айтбай мектеп басқарды. Содан соң Сүлеймен ишанның баласы Бекішов Бақытжан директор  болды. Бұл 1940 жылдардың аяғы мен 1950 жылдардың бас кезі еді. Сол уақыттарда майда колхоздарды ірілендіру саясатына байланысты «Жаңаталап», «Жыңғылды көл», «Казрис», «Интернационал» колхоздары біріктіріліп, «Абай» колхозы болып ұйымдастырылды. Орталығы «Интернационал» ауылдық округі болды. Соған байланысты тұрғындар бұл жерден елді орталыққа көшіре бастады. Бұл ауылдың балаларының  азаюына байланысты 7 жылдық мектеп бастауыш мектеп болып қайта құрылды. Оған Аубакиров Айтбай меңгеруші болды.

            Оқу ордасы ел басындағы аумалы-төкпелі заманда сан түрлі сыннан өтті. Десе де, ел игілігіне қызмет етуді мақсат еткен ғимарат өзін сақтап қалды. 1989-1993 жылдары Қоқашова Райхан, 1993-98 жылдары Мамырбаева Гүлжахан мектеп меңгерушісі болып қызмет етті.

          1998 жылдан бастап мектеп меңгерушісінің міндетін атқарушы, ал 2000 жылдан бері мектеп меңгерушісі болып Алпысбаева Шолпан  тағайындалды.

          2013 жылдың қыркүйек айында мектеп жаңа ғимаратқа көшіріліп, негізгі мектеп болып өзгерді. Мектеп директоры болып Алпысбаева Шолпан Әлиасқарқызы тағайындалды. Заманауи құрылғылармен жабдықталған кабинеттері, талапқа сай асханасы және спорт залы бар. Сыныптар жүйесі де оқушыларға ыңғайлы ұйымдастырылған.

            Таяуда ғана № 280 негізгі мектебі болып бекітілген білім ошағы бүгінде қалалық білім бөліміне қарасты мектептер арасында өзін дәлелдеп келеді. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан мектептің–жарқын болашақ. Жарқын болашақтың тұтқасын ұстар зерделі жас өрендерді тәрбиелеп шығару –басты мұратымыз.



Мектебіміздің тарихы жайлы бейнеролик:      https://www.youtube.com/watch?v=VP4k_NANgBc

 

 

            

Добавить комментарий